Павлодарлық фермерлер сәбіз тұқымын сатып алуға субсидия бөлуді сұрап отыр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Шаруалар бұдан бөлек, тамшылатып суаруға субсидия бөлуді енгізуді ұсынды. Кейбірі суармалы егістік үшін бөлінетін жерлерді кеңейтуге ынталы.
Ертіс-Баян өңірінің агроөнеркәсіпшілері көктемгі егіс жұмыстарына дайындала бастады. Тұқым, техника, гербицидтер мен тыңайтқыштар сатып алу үшін мемлекеттен бөлінетін қаржы құралдары ауадай қажет. Мұндай қолдау болмаса, егін шаруашылығын қалыпты ұстап тұру қиынға соғады.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасы фермерлердің мәселесін тыңдау мақсатында аудандарды аралап, жергілікті шаруалардың ұсыныс-тілектеріне құлақ түруде. Павлодар мен Аққулы аудандарында осындай кездесулер ұйымдастырылды. Жиында қос ауданның басшылары кәсіпкерлерді тыңдап, өңірлік мемлекеттік органдардың және республикалық қаржы институттарының өңірлік филиалдарының басшылары қолдау шаралары жайында түсіндірді.
Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жомарт Сембаев аудан кәсіпкерлері көктемгі дала жұмыстарына қаржы институттарынан қаражат күтетіндерін, бұл ретте шаруаларда кепілдің болмауына байланысты «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның тәжірибесі негізінде «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы кепілгер болып отырғанын жеткізді.
Фермерлер сәбіз тұқымын сатып алуға субсидия бөлуді және шаруа қожалықтары үшін салық саясатын жеңілдетуді сұрады. Сондай-ақ тамшылатып суаруға субсидия бөлуді, ал шаруаларға суармалы егістікті енгізуге берілетін жер танаптарын кеңейтуді ұсынды. Ауыл кәсіпкерлері кейбір қаңырап қалған ауылдардың жер телімдерін жақын елді мекендердің игілігіне берілсе деген тілектерін де бүгін қалмады.