Павлодарлық фермерлер сүт, қияр және қызанақтың бағасын өсірмеуге уәде берді

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар облысының әкімдігінде өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен меморандумға қол қойылды.

Павлодарлық фермерлер сүт, қияр және қызанақтың бағасын өсірмеуге уәде берді
Фото: Валерий Бугаев

Нәтижесінде 7 сүт өңдеу кәсіпорны мен 3 жылыжай кешені өз өнімдерін әлеуметтік дүкендерде, сондай-ақ, «Жайлау» базары мен ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде 15%-дан аспайтын үстемеақымен сату бойынша міндеттеме алды. 
Бұл туралы Павлодар облысының әкімдігінен хабарлады.

- 2024-2025 жылдардағы қысқы кезеңде өз өнімдеріне белгіленген бағаны қамтамасыз ету туралы меморандумға облыстың 7 сүт өңдеу кәсіпорны, сондай-ақ, 3 жылыжай кешені қол қойды. Кәсіпорындар өз өнімдерін әлеуметтік дүкендерде, сондай-ақ, «Жайлау» базарында және ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде 15%-дан аспайтын үстемеақымен сату бойынша міндеттеме алды. Осылайша, 1 литр (2,5%) сүттің бағасы 385 теңгеге дейін, қияр - 1100 теңгеге дейін және қызанақтың 1 келісі үшін 850 теңгеге дейін белгіленді.

Меморандумға қол қойған барлық өндірушілер мемлекеттік қолдауға ие болып отырған кәсіпорындар. Мәселен, сүтті қайта өңдеушілерге қайта өңдеу кәсіпорындарын субсидиялау бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығы шикізатын сатып алуға биыл 1,4 млрд теңге бөлінді. Өңірдің жылыжай кешендеріне 2023-2024 жылдар кезеңінде минералды тыңайтқыштарды сатып алу бойынша мемлекеттік қолдау шаралары 116 млн теңгені құрады.
Өңір басшысы Асайын Байханов облыс халқының сұранысын барынша қамтамасыз еткендері және бағаның негізсіз өсуіне жол бермегендері үшін кәсіпкерлерге алғысын білдірді.

Бұған дейін павлодарлық шаруалар картоптың бағасын 120 теңгеден асырмауға уәде берген.