Павлодарлық кардиологтер науқастың өкпе артериясына елімізде жоқ ота жасады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Науқас көлік апатынан пайда болған жарақаттан ұзақ уақыт азап шеккен. Оған сирек хирургиялық ем — тромбэктомия жасалды.

ота
Фото: Pixabay

63 жастағы азамат өңірлік кардиологиялық орталыққа өкпе артерияларының жалпы тромбоэмболиясы диагнозымен шұғыл түрде жатқызылды. Пациенттің айтуынша, өткен жылдың желтоқсан айында жол апатына түсіп, №1 Павлодар қалалық ауруханасының жарақат бөлімінде емделген. 

«Кардиология орталығында науқастан өкпе тромбэмболиясының (ТЭЛА) белгілері анықталды. Оң жақ өкпе сегментінде инфаркт пневмониясы пайда болған (өкпе артериясының тармақтарында қан ұйыған). Жүректің оң жақ қарыншасында қан ұйып, жүректің оң жақ бөлігі ұлғайған. Өкпе эмболиясының жедел дамуына науқастың жамбасының сынуы, өкпенің қатты соққы алуы, ұзақ уақыт бойы төмен қозғалыста болуы әсер еткен. Оған хирургиялық ем — тромбэктомия жасалды. Өкпе артерияларынан ірі қан ұйығыштары алынды», - деп хабарлады өңірлік денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен.

Бүгінде науқас мамандандырылған бөлімшеде ем алып жатыр. Өзін жақсы сезініп, үйіне шығуға дайындалып жатыр. 

Айта кету керек, Қазақстанда ашық әдіспен өкпе артериясына тромбоэкстракция жасау Павлодардағы кардиологиялық орталықта ғана жүргізіледі.

2021 жылдан бері мұнда 40-қа жуық тромбоэкстракция жасалған.

Соңғы жаңалықтар