Павлодарлық кәсіпорындарда еңбекақы орташа есеппен 8 пайызға өседі

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ертіс-Баян өңірінде Жұмысшы мамандықтар жылы бойынша кешенді іс-шаралар жоспары түзілген. Оның бір тармағы еңбек ұйымдарындағы жалақыны көтеруге бағытталып отыр.

айлық
Фото: Kazinform

Облыс әкімі Асайын Байханов атап өткендей, облыста кешенді іс-шаралар жоспары түзілген әрі ол 3 бағытты қамтиды.

— Ең әуелі колледждерді кезең-кезеңімен жаңғырту көзделіп отыр. Бұған облыстық бюджеттен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын жарақтандыруға және жаңғыртуға шамамен 500 млн теңге бағытталады. Әлеуметтік әріптестік аясында ERG және Kazminerals кәсіпорындары 6 колледжге заманауи жабдықтар сатып алуға 500 млн теңге қаражат бөлді. Екінші бағыт — жұмыс істейтін жастар қатарындағы студенттер үшін 100 млн теңгеге жаңа ынталандырушы сыйақылар мен гранттар тағайындау. Соңғысы — жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және кәсіпорын қызметкерлерін ынталандыру, - дейді өңір басшысы.

Қала құраушы кәсіпорындардың басшылары өз кезегінде қызметкерлерді материалдық және әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша бастамаларға қолдау білдірген. Бұл — тұрғын үймен қамтамасыз ету, автокөлік сатып әперу, жалақыны өсіру және басқа да көптеген әлеуметтік ынталандыру. Мәселен ERG тобы осы мақсаттарға 1,5 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр. Жалпы өңір кәсіпорындарында жалақыны орта есеппен 8 пайызға дейін арттыру болжамы бар.

Еске сала кетейік, Қазақстанда энергетиктердің жалақысы жыл сайын 15% өсіп отырады. 

Соңғы жаңалықтар