Павлодарлық кітапханашылар мерекеге орай алты айлық сәбиге базарлық жасады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - «Шаңырақ күнінде» Торайғыров атындағы облыстық кітапхана ұжымы кішкене қыз Айшаға үкілі домбыра сыйлап, ақ жаулықты әжелер бата берді.
«Бүгін – елімізде отбасылық құндылықтар дәріптелетін күн. Өнегелі, ұлағатты отбасыларға құрмет көрсету мақсатында өңірімізде көптеген шара өтіп жатыр. Біздің ұжымымыздағы қызметкерлердің отбасындағы ең кішкентай сәби әріптесіміз Алпысбай Хонждың бөбегі болып шықты. Мінекей, кітапхана ұжымы жиналып, Айша есімді сәбиге сыйлық жасауға келдік», - деп атап өтті Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың креативті шығармашылық орталығының басшысы Марал Таженова.
Кішкентай Айшаға қазақтың ұлттық аспабы – үкілі домбыраны дәстүрлі әнші, республикалық байқаулардың жүлдегері Әсел Ботаева табыстады. Ал кітапхана саласының ардагері, ақ жаулықты әже Хадиша Дәндібаева іс-шараға жиналғандарға шашу шашып, сәбиге батасын берді.

Алты айлық Айшаның әкесі Алпысбай Хонж – С.Баязитов атындағы балалар оқу орталығының басшысы, ақын, сатирик. Ал анасы Гүлмерей мектепте сабақ береді. Жас әрі өнегелі отбасындағы балалардың үлкені – ұл. «Наурыз-базарлыққа» кенелген шаңырақ иелері кітапханашылар ұжымына ризашылықтарын жеткізді.