Павлодарлық құтқарушылар 84 жастағы қарияны шатырдан түсіріп алды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар қаласының құтқарушылары өздігінен үйінің төбесіне көтеріліп, түсе алмай қалған 84 жастағы қарияға көмектесті.
Бұл туралы өңірлік төтенше жағдайлар департаментінен хабарлады. Қарияның жеке шаруаларымен үйінің шатырына көтерілгені анықталды.
«6 маусым күні 101 операторынан қарт адам жеке тұрғын үйдің төбесіне көтеріліп, өздігінен түсе алмай жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Құтқарушылар оқиға орнына жедел жетті. Полиция қызметкерінің және көршілердің қатысуымен баспалдақ қойып, қарияны арнайы құрал-жабдықтың көмегімен төменге түсірді», - деп мәлімдеді департаменттен.
1940 жылы туған зейнеткердің денсаулығына ешқандай зақым келмеген.
Еске сала кетейік, 90 жастағы қария жүк көлігін жүргізетін әлемдегі ең қарт жүргізушісі атанды.