Павлодарлық құтқарушылар жанып жатқан үйден газ балонын алып шықты

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Тұрғын үйдің төбе жабындысы, жиһаз бен үй заттары өртке оранған. Жалын жалпы аумағы 120 шаршы метр жерді шарпып, көрші тұрған үйлерге қауіп төндірген.

өрт
Фото: Павлодар облысы ТЖД

Оқиға 31 қаңтар күні сағат таңғы бестер шамасында Павлодар облысы Успен ауданы орталығында болған. №17 өрт сөндіру бөліміне Степная көшесі, 11-үйдің өртеніп жатқаны туралы хабар түсіп, құтқарушылар жедел жеткен.

өрт
Фото: Павлодар облысы ТЖД

«Өрт шыққан жерге жедел түрде кезекші қарауыл бағытталды. Олар келгенде жеке тұрған газоблокты үйдің ағаш төбесі, үй заттары және жиһаздар жанып жатқан. Өрт сөндіру бөлімінің құтқарушысы, азаматтық қорғаныс кіші сержанты Қайрат Аусағитов үйден 27 литрлік газ балонын уақытында анықтап, алып шықты. Қызметкеріміз көрсеткен ерліктің нәтижесінде ықтимал жарылыстың алдын алдық әрі өрт көрші үйлерге таралған жоқ» деп хабарлады өңірлік төтенше жағдайлар департаментінен.

Оқиғаның жай-жапсары анықталып, келтірілген шығын есептелуде.

Соңғы жаңалықтар