Павлодарлық науқас бала полицейлердің арқасында боранды түнде ауруханаға аман-есен жеткізілді

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Облыстық балалар ауруханасында жасөспірімге шұғыл ота жасалды. Қазір денсаулық жағдайы бірқалыпты.

науқас бала
Фото: Pexels

Шарбақты ауданында 2014 жылғы ер бала кенеттен іші бүріп, дене қызуы көтеріліп ауырған.

Жергілікті аурухананың кезекші дәрігері науқасты қарап, шұғыл түрде Павлодар қаласына жөнелту керек деген шешім қабылдаған.

Бұл түні өңірде қатты боран болып, автожолдардың барлығы жабылып қалған еді.

«Түк көрінбейтін боранда учаскелік полицей Талғат Смақов қызметтік көлігімен жедел жәрдем машинасын аудан шекарасына дейін ілестіріп апарған. Одан әрі патрулдік полиция қызметкерлері Арман Әбдуғалиев пен Ерғанат Жанғазинов алып жүрген. Тәртіп сақшылары сол түнде баланы аман-есен облыстық балалар ауруханасына жеткізді» деп хабарлады өңірлік денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Дәрігерлер жасөспірімге шұғыл ота жасап, өмірін сақтап қалды.

Жансақтау бөлімінде 3 тәулік жатқан соң қазіргі күні хирургиялық бөлімшеге шығарылған.

Ер баланың денсаулығы бірқалыпты, жағдайы оңалып келеді.