Павлодарлық полицейлер тұрғылықты жері жоқ 13 адамды үсіп қалудан сақтады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Өңір бойынша соңғы бір аптада ауа температурасы түнгі уақыттарда -30 градустан түспей тұр.  Аязды күндері қаңғыбас жандардың қол-аяғын үсіріп алу фактілері жиі кездеседі.

полицей
Фото: Алина Тулеубаева/Kazinform

Тек өткен тәулікте Павлодар қаласындағы тәртіп сақшылары тұрғылықты жері жоқ 13 азаматты үсіп қалудан сақтаған. Бұл адамдар үскірік аязда бой жылыту үшін иесіз құрылыстар мен кәріз құдықтарын, жылу тораптарын, көп қабатты үйлердің жертөлелерін паналайды. Полицейлер рейд жүргізу кезінде оларды анықтап, қабылдау-тарату мекемесіне және әлеуметтік бейімдеу орталығына жеткізген.

«Тұрақты баспанасы жоқ мұндай азаматтар аз қорғалған. Өткен жылы біздің қызметкерлер арнайы мекемелерге осындай 1447 адамды орналастырды. Ал жыл басынан 90 адамды анықтап, тиісті орындарға жеткіздік. Оның ішінде 33-і қаладағы қабылдау-тарату орнына әкелінді», - деп хабарлады Павлодар қаласындағы қабылдау-тарату мекемесі бастығының орынбасары Асылбек Хаербаев.

Тәртіп сақшылары аязды күндері рейдік іс-шараларын жалғастырып жатыр.

Соңғы жаңалықтар