Павлодарлық шенеуніктер мемлекет бюджетіне 480 млн теңгеден астам шығын келтірген

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Прокуратура кейінгі үш жылда салынған нысандарға талдау жүргізіп, бірқатар заңбұзушылықты анықтады. Соның салдарынан бюджетке 484 млн теңге көлемінде шығын келген.

Павлодарлық шенеуніктер мемлекет бюджетіне 480 млн теңгеден астам шығын келтірген
Коллаж: Kazinform/ Canva

Тексеру барысында Павлодар облысының құрылыс басқармасындағы лауазымды тұлғалар орындалмаған жұмыстарды қабылдап, ақысын төлегені және өсімпұл өндіріп алмағаны анықталды. Ал мердігерлер тиімсіз делдалдардың қызметіне жүгініп, құрылыс материалдары мен жабдықтарды арзан әрі талапқа сай келмейтін түрлеріне алмастырған.

Павлодарлық шенеуніктер мемлекет бюджетіне 480 млн теңгеден астам шығын келтірген
Фото: Павлодар облысы прокуратурасы

Прокурорлар нақты мысалдарды да келтірді. Жобаға сәйкес, металл шатыр жабындысының қалыңдығы 0,7 миллиметр болуға тиіс еді. Алайда іс жүзінде 0,5 миллиметрлік материал қолданылған. Қабырғалар пеноплекс материалымен қапталуы керек болса, оның орнына кәдімгі пенопласт пайдаланылған.

Павлодарлық шенеуніктер мемлекет бюджетіне 480 млн теңгеден астам шығын келтірген
Фото: Павлодар облысы прокуратурасы

Сондай-ақ амбулаторияларда сертификатталған медициналық шамдар орнатылуға тиіс болған. Алайда прокурорлар олардың орнына кеңселерге арналған қарапайым LED-шамдардың қойылғанын анықтады.

Павлодарлық шенеуніктер мемлекет бюджетіне 480 млн теңгеден астам шығын келтірген
Фото: Павлодар облысы прокуратурасы

— Құрылыс басқармасының лауазымды тұлғалары № 1 Павлодар қалалық ауруханаға монтаждалмаған және іске қосылмаған жабдықтарды заңсыз қабылдаған. Операциялық блоктардың бір бөлігі іс жүзінде пайдалануға дайын болмаған. Қымбат медициналық жабдықтар қаптамасынан шығарылмаған, ал өндірістік лифтілер мен желдету жүйесі пайдалануға әзірленбеген, — дейді Павлодар облыстық прокуратурасының прокурор көмекшісі Әділ Жұмабеков.

Осылайша, құрылыс басқармасы қызметкерлерінің әрекетінен мемлекет бюджетіне 480 млн теңгеден астам шығын келген. Қазіргі уақытта әрбір дерек жеке қаралып жатыр. Атап айтқанда, әкімшілік және қылмыстық істер қозғалған.

Өз кезегінде Павлодар облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Азат Сатабаев барлық ескерту қабылданып, оларды жою жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

— Барлық ескерту қабылданды, қазіргі уақытта оларды жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кепілдік міндеттемелер аясында сот талқылауы басталды. Құрылыс басқармасы бойынша кепілдік мерзімі — 10 жыл. Осы кезең ішінде кепілдік міндеттемелерін орындату үшін сотқа жүгінуге құқығымыз бар, — дейді ол.

Айта кетейік, тексеру жұмыстары медициналық нысандарға қатысты жүргізілген. Жалпы өңірде жаңадан салынған 30 ғимарат тексерілген.

Еске сала кетейік, Павлодарда әкімдік қаржысына жөнделген үйлер көгеріп кетті.