Павлодарлықтар Коряков көлінің экологиялық жағдайына алаңдап отыр
Павлодардың солтүстігінде орналасқан қызғылт су айдыны — Коряков көлін мемлекет ерекше қорғауға алуы керек деп есептейді жергілікті жастар. Мәжіліс депутаттарымен өткен кездесуде павлодарлықтар көлдің тұзын «Мультисервис» компаниясы мен жеке азаматтар тиімсіз пайдаланып жатқанына алаңдаушылық танытты, деп хабарлайды Kazinform.
Коряков — алыс-жақынға танымал көл. Өткен ғасырларда бұл жерде тұз өндірісі жақсы дамыған.
Жазғы уақытта суы қызғылт тартып, алыстан қарағанда өте әсерлі көрінеді. Көпшілік бұл жерді жиі қызықтап, суретке түскенді ұнатады.
Алыстан әдейі іздеп келіп, шипалы суына шомылатындар да бар. Көлдің үстімен тұз тартқан ертедегі ағаш көпірдің бағандары да бұл жерге жараса қалған.
Облыс орталығынан қол созым жерде, 17 шақырым қашықта орналасқан Коряков көлі Павлодар ауданының аумағына қарайды.
Коряковка және Кемеңгер елді мекендеріне жақын жерде орын тепкен. Көлдің табаны тегіс, соған сәйкес қар көп түскен және жауын-шашын мол болған жылдары кемеріне келеді.
Аумағы 11 мың шаршы метрдей болатын көлдің тереңдігі 70 сантиметрден аспайды.
Экологтердің айтуынша, оның табанында жатқан тұз қабатының қалыңдығы 42 сантиметрден 76 сантиметрге дейін өзгеріп отырады екен.
Былтыр тәуелсіз экологтер көлдің суы өте таязданып, бұрынғы қызғылт реңкінен ажырап бара жатқанын хабарлаған еді.
Бұған қоса жергілікті ауыл тұрғындары ондағы тұзды ретсіз пайдаланып, табиғи байлықты үйлеріне таситыны тағы бар.
Сол уақытта өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының мамандары жуықта көлге барлау жұмыстарын жүргізіп, оған соншалықты қатер төніп тұрған жоқ деген қорытындыға келді.
«Коряковка ауылының маңындағы қызғылт көлдің жағдайы Павлодар облысының ғана емес, ел тұрғындарын да алаңдатып отырғанын жақсы білеміз. Экология және табиғи ресурстар министрі бастаған арнайы комиссия көлдегі жағдайды өз көзімен көрді. Жаз Павлодар облысында аса құрғақ өткені мәлім. Комиссия құрғақшылық салдарынан су қоймасы таязданып кеткен деген қорытынды жасап отыр. Коряков көлі мұндай жағдайға бұрындары да тап болған. Мысал үшін Павлодардағы музейлердің бірінде көлдің осыдан 120 жыл бұрынғы фотосуреті сақталған. Онда су айдынының мүлде құрғап тұрғанын, монолитті тұз қабатымен жабылғанын көруге болады», — дейді өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаева.
Атап өтерлігі, 2020 жылдан бері «Мультисервис» компаниясы Коряковтан тұз өндіріп келеді.
Осыдан 5 жыл бұрын қызғылт көл зерттеліп, ғалымдар су айдыны артемия құртын өсіруге қолайсыз деген байлам жасаған.
Сондықтан ол тек ас тұзын өндіретін орын ретінде ғана пайдаланылады. Көлде шамамен 1 млн 773 мың тоннадай тұз қоры жинақталған.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Вера Ким Кемеңгер ауылында ауыл жастарымен кездесіп, аталған мәселені тиісті органдарға жеткізетінін уәде етті.