Павлодарлық балкон арқылы теледидар ұрлаған
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысында республикалық «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шараларын өткізу нәтижесінде полицейлер 2250-ден астам құқық бұзушылықты анықтады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Бұл туралы облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлады. 2018 жылы 2-4 шілде аралығында өткен шараның мақсаты - Астананың 20 жылдық мерейтойын мерекелеу қарсаңында қылмыспен күресті күшейту, құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
«Полицейлер Омбы қаласында ҚК-нің 228-1-бабының 4-бөлімімен қарастырылған қылмыс жасаған Ресей Федерациясының азаматын ұстады. Сонымен бірге «Құқықтық тәртіп» шарасын өткізу барысында тәртіп сақшылары Павлодар қаласының 41 жастағы тұрғынын ұстады. Ол пәтердің балконы арқылы кіріп, «Самсунг Смарт-ТВ» маркалы теледидарды ұрлаған. Аталмыш фактіге қатысты ұрлық бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», - деді департаментте.
Аталған құқық бұзушылықтың ішінде мас күйде автокөлік жүргізу бойынша - 30, шағын бұзақылық бойынша - 200, ішімдік ішу бойынша - 354, ҚР келу ережесін бұзу бойынша - 190, автокөлік жүргізушілерінің белгіленген жылдам қозғалысын шамадан тыс асыру бойынша - 161, автокөлікті қауіпсіздік белдікті тақпай айдау бойынша - 215 және жолаушыларды заңсыз тасымалдау бойынша үш факті тіркелген.
Сондай-ақ, іздеуде болған екі адам ұсталған.