Павлодарлық фермерлер зиянкестермен жұқтырылған Қырғызстан картобына шағымданды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысының картоп өсірушілері ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрмановқа өңірге Қырғызстаннан аса қауіпті паразитпен жұқтырылған картоптың жиі жеткізілетініне шағымданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Павлодарлық фермерлер зиянкестермен жұқтырылған Қырғызстан картобына шағымданды

«Соңғы уақытта Қырғызстан тарапынан облыс аумағына карантинге жатқызылған  өнімдерді, соның ішінде алтын түстес нематодамен жұқтырылған картопты әкелу оқиғалары жиілеп кетті. Картоп егумен айналысатын өңірдің ауылшаруашылық өндірушілері ретінде бізді фитосанитарлық қауіпсіздікпен қамтамасыз ету мәселесі қызықтырады», - деді «Ақтоғай-Агро» ЖШС бас директоры Александр Терентьев Павлодар облысының әкімдігінде өткен кеңес барысында вице-министрге қарата.

Рүстем Құрманов атап өткендей, Қазақстанның фитосанитарлық қызметі карантинге жатқызылған импортты өнімдерді бастапқы пункттен, олар тиелген жүк көліктерінің бүкіл маршрутын қадағалайды. «Бұл жұмыс ЕАЭО-ға сәйкес нақты жүргізіледі. Ағымдағы жылдың басынан Қырғызстаннан келіп жатқан өнімдер бойынша ЕАЭО-ның фитосанитарлық заңнамасын бұзудың 156 дерегін анықтадық. Бұл ретте, карантинді нысандармен жұқтырылған өнімдерді анықтаудың 36 фактісі, Қазақстанның ғана емес, ЕАЭО-ның өзге елдерінің ауыл шаруашылығы үшін де сөзсіз қауіп төндіреді», - деді вице-министр.