Павлодарлық кондукторларға мемлекеттік тілде қызмет көрсету түсіндірілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарда «Трамвай басқармасы» АҚ-ның ғимаратында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру шеңберінде «Саналы қоғам талабы - сапалы қызмет» атты семинар өтті.  

Павлодарлық кондукторларға мемлекеттік тілде қызмет көрсету түсіндірілді

Бұл туралы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы  мониторинг және талдау бөлімінің бас маманы Самат Құшмағұлов айтты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

«Семинарға  «Трамвай басқармасы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қанат Балтабаев пен алпысқа жуық  жүргізуші,  кондуктор, бақылаушы   қатысты», - дейді  Самат Құшмағұлов. - Екі тілде қызмет көрсету сапасы, латын графикасына кезең-кезеңмен көшу, көрнекі ақпараттарды орналастыру туралы түсіндірілді.  ҚР «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң талаптарының орындалуы айтылды.  Басқарманың өзінде қазақ тілі курстары жүргізіледі.  2016 жылы «Ана тілі» орталығында «Автобус паркі» АҚ-ның 15 кондукторы оқытылған. Маманның  айтуынша, биыл қоғамдық көліктерде  мемлекеттік тілде қызмет көрсетілмейтіні туралы  бірнеше шағым келіп түскен. Осыған байланысты басқарма қызметкерлерімен кездесу ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

 Семинар барысында заң бұзушылыққа жол берген нысан басшыларына ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңға сәйкес құзырлы орган өкілдері тарапынан тиісті шаралар қолданылатындығы ескертілді. Шара соңында барлық қатысушыларға сөздіктер мен басқа да оқу-әдістемелік құралдар табыс етілді.  

Фото: pavlodarnews.kz