Павлодарлық құрттың 30 түрін өндіруде
Қала әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Тараздан келген азамат Тәуелсіздік күні қарсаңында ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне құрттың 30 түрін ұсынған.
«Елбасының Оңтүстік Қазақстан облысындағы жұртшылықты солтүстікке көшіру бағдарламасына дән ризамыз. Ақсу қаласы мен ауылдық аймақтың әкімдігі барынша қолдау көрсетіп, 1000 гектар жер ұсынды. Биыл 17 гектарына алғаш рет картоп еккен едік. Өнім жақсы шықты. Енді қыс мезгілінде құрт жасаумен айналысып жатырмыз. Бүгінгі жәрмеңкеге түйе, сиыр, қой сүтінен жиырма түрін Тараздан әкелдік. Келісі 1900-2200 теңгеден. Тұрғындарға ұнап жатыр. Көпшілігі таң қалысын жасырмады. Себебі, Таразда құрттың отыз түрін жасайтын едік. Мемлекет тарапынан берілген бір миллион теңгеге баспана сатып алдық» - дейді ол.
«Үй Жәннәт Агро» ЖШС басшысы Абылай Укашаев келер жылдың көктемінде 750 гектар жерге бидай, 100 гектарға картоп және 11 түрлі көкөніс егуді көздеп отыр.
Бұған қоса, мемлекеттік бағдарлама аясында Германиядан голштейн тұқымды сүтті сиыр сатып алып, ферма салу да жоспарында бар. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық тағамдарды насихаттау мақсатында бір апта бұрын «Достық» базарының ішінен құрт орталығын ашқан. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне қалаға қарасты ауылдық аймақтардың шаруашылықтары мен қаланың жеке кәсіпкерлері қатысты. Мұнда сиыр етінің келісі 1200-1400, жылқы еті 1600 теңгеден сатылды.
Сондай-ақ құс, қой еті, балық, сүт өнімдері ұсынылды. Бұдан бөлек, 5 тонна картоп, 3 жарым тонна көкөніс саудаға шығарылған.
Жергілікті көркемөнерпаздар мерекелік концерт ұсынып, көпшіліктің көңілін көтерді.