Павлодарлық құтқарушылар өңір өзендеріндегі мұзды жарудан бас тартты

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Жасұлан Жұмашев мәлім етті.
- Әзірге барлық су айдындарын мұз басқан, дегенмен «Қазгидромет» биылғы жылы күн райы бір аптаға ертерек жылынатыны туралы болжам жасаған. Өзендер 9-10 сәуірде ашылады деп күтілуде. Су тасқынының алдын алу жұмыстарын жүргізу бойынша жедел құтқару жасағы Шолақсор ауылы маңындағы Сілеті өзенінің жағалауындағы мұзды кесіп, бөліп жатыр. Өзендегі мұздың қалыңдығы 65 см-ге жетеді, тереңдігі 1,5-2 метр, жарылыс толқыны ауылдың жартысын қамтуы мүмкін, - деп түсіндірді Жасұлан Жұмашев.
Оның айтуынша, мұзды кесуге арналған орындар жағалаудан көп жылдар бойы еріген судың ағуына байланысты таңдалады. Кесілген бөліктер ұсақталып, мұздың астына төмен қарай жіберіледі.
- Жалпы биылғы жылы қардың күрт еруі күтілуде, бұл ретте облыс бойынша топырақтың қатуы орташа есеппен 137 см, ал бірқатар өңірлерде: Ақтоғай, Баянауыл, Железин, Шарбақты және Павлодарда 150 см-ден асады. Бұл жағдай су тасқыны қаупін арттыра түсетіні сөзсіз. Өткен жылдардағы су тасқыны кезеңдерін талдау негізінде 10 089 тұрғыны бар 35 елді мекен бақылауға алынды. Ол жерде 2 766 үй орналасқан, - деді департамент бастығы.