Павлодарлық құтқарушылар ШҚО-да су тасқыны салдарымен күресуде
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарлық 12 құтқарушы Шығыс Қазақстан облысында су тасқыны салдарымен күресуде, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Көрші өңірге көмек жіберу туралы тапсырманы Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов берген. Өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Абай Темірбаев аппарат жиынында мәлім еткендей, 23 наурыз күні бес арнайы техника, үш мотопомпа, жеке құрамнан 12 адам ШҚО-ға аттанған.
"Қазіргі таңда біздің құтқарушылар қардың еріген суын сору бойынша жұмыс істеуде. Жеке құрам азық-түлікпен, жанар-жағармай материалдарымен және жатын орынмен қамтамасыз етілген. Қазақстанның бірқатар өңірлерінде орын алған су тасқыны салдарынан ескерту жарияланған", - деді облыстың бас құтқарушысы.
ҚР ІІМ ТЖ комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 26-27 наурыз күндері Солтүстік Қазақстан және Павлодар облысының өзендерінде қолайлы температураның сақталуына байланысты жауын-шашын түсіп, су тасқыны болуы мүмкін. Павлодарлық құтқарушылар өңірде су тасқыны бойынша жағдай тұрақты әрі бақылауға алынғанын айтты.