Павлодарлық құтқарушылар жолда қалған 13 адамды эвакуациялады

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - 2021 жылғы 12-13 қаңтар аралығында департамент бөлімшелері авариялық-құтқару жұмыстарына 2 рет шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Рavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Павлодарлық құтқарушылар жолда қалған 13 адамды эвакуациялады

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қар құрсауынан 13 адам құтқарылды. Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері барлығын жылыту пункттеріне көшірді.

- Мәселен, 2021 жылғы 12 қаңтарда 23 сағат 5 минутта Павлодар облысы ТЖ департаментінің «112» пультіне Екібастұз қаласына қарасты Шиқылдақ ауылдық аймағында, Қарағанды облысы бағытындағы 9 сорғы станциясының ауданында 2 автокөліктің қар құрсауында қалып қойғаны туралы хабарлама келіп түсті. Шідерті кентін күзету бойынша № 14 өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері қар құрсауынан 9 адамды құтқарып, 2 автокөлікті шығарып, оларды Шідерті кентінің «Саружан» қонақ үйіне орналастырған, - дейді департаментте.

Сондай-ақ Екібастұз қаласы Төрткұдық ауылдық аймағы Босшакөл станциясының көпіріне жетпей техника тұрып қалған. № 14 өрт сөндіру бекетінің құтқарушыларымен қар құрсауынан 4 адам құтқарылып, Шідерті кентінің «Саружан» қонақ үйіне жеткізілді.
2021 жылғы 13 қаңтардағы жағдай бойынша облыстық және республикалық маңызы бар жолдардың барлық учаскелері ашылды.