Павлодарлық машинист тұңғыш паровоздың көшірмесін жасап шықты
«Қазақстан Теміржолы» компаниясының мәліметінше , модель 1:3 масштабында жасалған. Паровоз фотосуреттер мен ескі схемалардан қалпына келтірілді. Сызбалар 1976 жылғы «Техника молодежи» журналынан алынды. Энтузиаст бір жыл бойы ақпарат жинап, теміржол техникасын қалпына келтірудің қыр-сырын білетін ресейлік шеберлермен кеңескен. Модельді құрастыру үш айға созылды. Машинист көмекшісі өз туындысын жұмыстан бос уақытта жасап шығарды.
«Паровоз аймаққа жүз жыл бұрын келген түпнұсқаның көшірмесі болды. Павлодар станциясына ол бірінші жүкті жеткізіп, осы учаскеде теміржол қозғалысын ашқан», - деп жазды ақпарат көзі.
Модель Әскери даңқ мұражайына қарама-қарсы депо аумағындағы тұғырға орнатылды.
Депода атап өткендей, «овечка» көптеген сынақтарға: бірінші дүниежүзілік соғыстың ауыр жылдарына, революцияға, Азаматтық және Ұлы Отан соғыстарына тап болды. Деподағы паровоз моделі ағартушылық жұмыста қолданылып, оны оқушылар мен студенттерге арналған экскурсия барысында көрсететін болады.
Фото: t.me/railways_kz