Павлодарлық оқушылар медаль саны бойынша Алматымен тең түсті
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016-2017 оқу жылының қорытындысы бойынша республикалық пән олимпиадаларының нәтижесінде Павлодар мен Алматы облыстары тең түсті.
Бұл туралы «Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Ғаждембек Тұрсынов мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz .
«Алматы облысының Қаскелең қаласында өткен педагогтардың республикалық тамыз конференциясында біздің орталық кезекті рет еліміз бойынша үздік атанды. Сонымен қатар наурыз айында Павлодарда жаратылыстану-математика, Ақтауда қоғамдық-гуманитарлық бағытта өткен пән олимпиадасында павлодарлықтар елімізде 55 медальді қанжығасына салып, Алматы облысымен бірдей екінші орынды иеленді. Бірінші орында 57 медальмен Астана тұр. Жылда облыстар арасында бірінші орын алатын едік», - дейді Ғаждембек Тұрсынов.
Өткен оқу жылындағы Ертіс өңірінің қоржынындағы медаль саны 219-ды құрайды. Халықаралық олимпиадалардағы 48 медальдің 13-і алтын, 14-і күміс және 21-і қола. Республикалық деңгейдегі медаль саны - 171. Оның 27-сі алтын болса, 57-сі күміс және 87-сі қола. Тәуелсіздік жылдары Бүкіләлемдік ауқымды олимпиадаларда Ертіс өңірінің шәкірттері 22 медальге қол жеткізген. Оның сегізі - алтын, алтауы - күміс, сегізі - қола. Мысалы, биыл математикадан Бразилияда, былтыр Гонконгте өткен олимпиадада «Жас дарын» мектебінің оқушысы Мохаммед-Әли Әмір алтын медаль әкелген. «Білім» инновациялық лицейінің оқушысы Темірлан Рахимов «Туймаада - 2016» халықаралық олимпиадасында топ жарды. Бұдан басқа, «Қазақстанның жаңа 100 есімі» көрме материалдарын үздік ұйымдастырғаны үшін «Ертіс дарыны» орталығы бірінші дәрежелі дипломмен марапатталған.