Павлодарлық өрт сөндірушілер отқа оранған пәтерден екі баланы құтқарды
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, Павлодар облысының орталығындағы Катаев көшесінің бойында орналасқан бес қабатты үйден өрт шыққаны туралы хабар ТЖД-ің бірыңғай диспетчерлік пультіне сағат 12:23-те келіп түсті. Оқиға орнына дереу «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары» ММ-ің күштері аттандырылды.
«Өрт орнына алдымен жеткен №4 өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері барлау жүргізіп, екінші қабаттағы үш бөлмелі пәтерде екі баланың бар екенін анықтады. Қарауыл бастығы Асланбек Тленбаев өрт сөндірушілерге саты арқылы жоғарыға көтеріліп, балаларды құтқаруды тапсырды. Бөлімше командирлері Сұлтан Жасқайратов мен Нұрбек Шапенов екінші қабатқа саты арқылы көтеріліп, терезеден алты және бес жасар екі ер баланы алып шықты»,-делінген хабарламада.
Сондай-аұ онда балалардың анасы кішкентай сәбиімен дүкенге шығып, балаларды үйде жалғыз қалдырып кеткені айтылған. Өрт сөндірушілер келгенге дейін подъезден 25 адам өздері шығып үлгерген.
Оқиға орнында өрт сөндіру қызметінің бес техникасы мен он бес қызметкері жұмыс істеді. Өрт сағат 12:37-де ауыздықталып, 12:45-те толықтай сөндірілді. Анықталғандай, өрт балконға жоғарғы қабаттағы пәтерлердің бірінен ұшып түскен темекі тұқылынан пайда болған .
Павлодар облысының Төтенше жағдай департаменті еліміз бойынша өрт қауіпсіздігі айлығы жүріп жатқандығын хабарлайды және өңір тұрғындарына өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.