Павлодарлық зейнеткер республикалық «Абай әндері» онлайн-байқауының жүлдегері атанды
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Республикалық «Абай әндері» онлайн-байқауында Ертіс өңірінің намысын қорғаған Балкен Ыбраева жүлделі ІІІ орынды иеленіп, «Зерде» номинациясымен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Рavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Шараны ұйымдастырушы - Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры.
- Онлайн-байқаудың мақсаты - ұлы Абайдың шығармалары арқылы қазақтың ұлттық мәдениетіне деген қызығушылықты қалыптастыру, көрермендер аудиториясының мәдени және рухани деңгейін арттыру үшін әртүрлі ұлт өкілдерін қазақ ән шығармашылығына тарту, өзінің орындаушылық шеберлігін кең аудиторияға көрсетуге мүмкіндік беру, - дейді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас маманы Дәулет Темірболат.
Балкен Ыбраева білім беру саласында 20 жылдан астам еңбек еткен ұстаз.
- Карантин кезінде әлеуметтік желілер арқылы байқаудың өтетіні туралы хабарламаны оқыдым. Сосын байқауға қатысып, өз мүмкіндігімді сынап көрдім. Үш кезеңнен де сүрінбей өтіп, жүлделі орынға ие болғаныма қуаныштымын. Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін фортепианоның сүйемелдеуімен орындадым, - дейді Балкен Ыбыраева.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес 2020 жылы қазақ халқының бас ақыны Абайдың 175 жылдық мерейтойы республикамыз бойынша кеңінен аталып өтілуде.