Павлодарлық жас қыз таэквондодан «Боец Азии» додасының екі дүркін чемпионы атанды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарлық спортшы қыз Балнұр Оркенова халықаралық «Боец Азии» додасында чемпион атанды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz .
Ақтөбе қаласында өткен байрақты бәсекеге Қазақстанның 12 қаласынан және Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей мен Татарстан мемлекеттерінен 1 500-ден аса спортшы қатысты. 28-келі салмаққа дейін ел намысын қорғаған Балнұр массоги түрі бойынша таэквондо чемпионы атанды.
Айта кетейік, бұл жарыста былтыр да жас қыз жеңімпаз атанған болатын. Сондай-ақ, массоги түрі бойынша Иван Сербул және Дархан Молдашев алтыннан алқа тағынды. Ал, Артем Степанов, Алмаз Сағындықов пен Нұрасыл Мұсабеков хъенг бойынша 1-орын иеленді. Павлодар облысының 40 спортшысын Әлемдік таэквондо федерациясының бас төрешісі әрі бапкер Қален Сұлтанғазин бастап барды.
Аталмыш жарыс ертең 22 наурызға дейін жалғасады.