Павлодарлық жетім бала Мәскеудегі «Ты супер!» жобасының іріктеу кезеңінен өтті

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодардағы отбасы типіндегі балалар ауылының тұрғыны Дәулетхан Ақанов «Ты супер!» атты музыкалық жобаға қатысып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Павлодарлық жетім бала Мәскеудегі «Ты супер!» жобасының іріктеу кезеңінен өтті

«Павлодардағы отбасы типіндегі балалар ауылының тұрғыны Дәулетхан Ақанов НТВ-ның Мәскеуде болып жатқан «Ты супер!» музыкалық жобасының алғашқы іріктеу турынан өтті. Оны композиторлар - Виктор Дробыш, Игорь Крутой, әншілер - Юлиана Караулова, Сергей Лазаревтерден құралған қазылар алқасы бағалады», - дейді Павлодар облыстық білім басқармасының өкілдері.

Байқауға ТМД елдерінің өкілдері, сондай-ақ Сириядан барған балалар да қатысып жатыр.

«Осындай ауқымды конкурста Дәулетхан өз дарынын паш ете білді. Бұл әркімге де бұйыра беретін бақ емес», - дейді оны апарған тәрбиешісі Гүлжан Тауова.

«Мен қатты толқыдым. Мұндай үлкен байқауда Қазақстан Республикасының атынан қатысу, Отанымның абыройын асқақтату - маған үлкен жауапкершілік жүктейді», - дейді Дәулетхан.