Павлодарлық зиялылар Шарбақты ауданындағы Хазірет Ғабдыл-Уахит кесенесіне барды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын іске асыру бойынша жұмыстарды жандандыру мақсатында Павлодар облысының киелі жерлеріне барудың «Қасиетті жерлерге саяхат» ауқымды акциясы шеңберінде облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы қазіргі заманғы культтік маңызы бар нысан болып табылатын Хазірет Ғабдыл-Уахит кесенесіне зиялы қауым өкілдерімен баруды ұйымдастырды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Павлодар облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы хабарлады.
Хазірет Ғабдыл-Уахит кесенесі - хазіреттердің бірі жерленген Қазақстандағы қасиетті жерлердің бірі болып табылады. Оның ерекшелігі «хазірет» атағы Бұхара қаласындағы «Мір Араб» медресесінде мыңдаған шәкірттердің арасында бір ғана адамға тағайындалады. Кесене Шарбақты ауданының «Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи орманының аймағында орналасқан.
Хазірет Ғабдыл-Уахит қасиетті адам болды. Сырқат адамдарды емдейтін, болашақты болжайтын, мұқтаждарға қолынан келген жәрдемін берген, осы қасиеттері үшін үлкен құрметке ие болған.
«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы шеңберінде қыркүйек айы біздің аймақ үшін қасиетті орындарға бару айлығы болып жарияланды. Басқарманың бастамасы бойынша зиялы тұлғалар үшін облыс тұрғындарына Ертіс өңірінің киелі жерлер картасына енгізілген нысандар ұсынылды. 15 зиялы қауым өкілінен тұратын - Қазақстан жазушылары Одағы Павлодар филиалының төрағасы А.Б. Қани, «Нұр Ана әлемі» ҚБ төрайымы Б.Ш. Максилова, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Павлодар облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қ.Қ. Шаяхметов, қалалық, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының мүшелері және қоғам қайраткерлері аталған акцияны қолдап, Шарбақты ауданының қасиетті жерін көріп келді», - дейді басқарма мамандары.