Павлодарлықтар ерлікпен қаза тапқан жамбылдық өрт сөндірушіге құрмет көрсетті

None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – 2021 жылдың 26 тамызында Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы жарылыста ерлікпен қаза тапқан өрт сөндіруші Мейіржан Аймановтың суреті бейнеленген мурал Павлодарда пайда болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы қоғам белсендісі Саят Елгонденов мәлім етті.

Көркем нысанға Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаменті тапсырыс берген. Мурал Павлодар қаласының Қатаев көшесі, 46 мекенжайдағы тұрғын үйдің қабырғасында салынған.

Марқұмға арналған естелік Павлодар қаласында кездейсоқ салынған жоқ. Ол 90-жылдардың аяғында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Павлодар техникалық колледжінде білім алған.

Сондай-ақ 25 мамыр күні «Халық қаһарманының» құрметіне Павлодарда футболдан республикалық жарыс өтеді.

Еске салайық, 2021 жылдың 26 тамызында сағат шамамен 19:00-де Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінен өрт шығып, жойқын жарылыс болды. Соңғы мәлімет бойынша, Жамбыл облысындағы жарылыстан 13 адам қаза тапқан.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Мейіржан Аймановқа «Халық қаһарманы» атағы берілді


Соңғы жаңалықтар