Павлодарлықтар тасқын суға дайындалып жатыр

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысындағы Ертіс деңгейі 3-4 күннің ішінде ең жоғарғы деңгейге дейін көтеріледі, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Павлодарлықтар тасқын суға  дайындалып жатыр

«Биыл Ертістің жоғарғы ағысынан су көп мөлшерде жіберіліп жатыр.  Қазір жауапты орындар күн сайын рейд өткізуде. Басты мақсатымыз - апатты оқиғаларға жол бермеу. Бүгіннен бастап мұзға шығуға қатаң тыйым салынды», - деді Павлодар облыстық құтқарушылар бөлімінің басшысы Александр Носков.

«Қазгидромет» РМК облыстық филиалы инженер-гидрологы Марина Минчакевичтің айтуынша, су деңгейі күн сайын 4 тен 21 сантиметрге дейін көтеріліп келеді. Су деңейі күніне төрт мәрте өлшенуде.

«Шүлбі су қоймасы жобалық деңгейінен асып тұр, осыған байланысты босатылатын су көлемі секундына 1,8 мың текше метрге дейін жетті. Осы босатылған секундына 1,8 мың текше метр су  бізге шамамен 11-12 күннің ішінде жетіп қояды. Ол су қазірдің өзінде келіп жатыр, 3-4 күннің ішінде су ең жоғарғы белгіге дейін көтеріледі. Мұндай жоғары су деңгейі   осыған дейін 2001 жылы тіркелген, ол кездегі көрсеткіш - 776 сантиметр», - дейді Марина Минчакевич.

Ертіс өзенінің деңгейі бірнеше күннің ішінде бір метрден жоғары көтерілген. Алайда, гидрологтар қауіп деңгейі күшеймейтіндігін айтып отыр.