Пайдалануға берілетін тұрғын үй саны артып отырғанына қарамастан, баспанаға мұқтаждар азаймай отыр

 АСТАНА. 19 наурыз. ҚазАқпарат -  Жыл сайын пайдалануға берілетін тұрғын үй артып отырғанына қарамастан, баспанаға мұқтаждардың саны  азаймай отыр.  

Пайдалануға берілетін тұрғын үй саны артып отырғанына қарамастан, баспанаға мұқтаждар  азаймай отыр

Бүгін Мәжілісте  «Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің 2011 жылғы қызметінің қорытындылары және 2012 жылға арналған міндеттері» деген тақырыпта өткен Үкімет сағатында Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетов осылай мәлім етті.

«Халықтың тұрғын үйге қол жеткізуі, әсіресе балалы жас отбасылардың, жетім балалардың, әлеуметтік әлсіз топтардың тұрғын үйге қолжетімділігі түбегейлі жақсарып кеткен жоқ. Мәселен, 2011 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша республикадағы тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың саны 146 мың 859-ды құраған. Соның ішінде 16 900-ы жетім балалар, 913-і Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері, 8 мыңы ҰОС-ының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген адамдар», - дейді С. Әйімбетов. Оның айтуынша, 2008-2010 жылдар аралығында 1 мың 114 адам мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алған. Бұл үйге мұқтаж азаматтардың барлығының 1 пайызын ғана құрайды. Олардың 307-і жетім балалар, 672-і   ҰОС қатысушылары мен мүгедектері болып отыр. Ал қазіргі уақытта тұрғын үй алушылар кезегі өткен жылғымен салыстырғанда 5 мың 137 адамға көбейген. «Жыл сайын пайдалануға берілетін тұрғын үй  артып отырғанына қарамастан, баспанаға мұқтаждардың саны  азаймай отыр», - дейді депутат.