Пайдаланылмаған 5 млн. гектар жер анықталды - Қ. Өскенбаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай отырған 5 млн. гектар жер анықталды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті.
2012-2014 жылдары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді түгендеу жүргізілгеніне тоқталған ол бұл тұрғыда 96 миллион гектардан астам жер қамтылып отырғандығын айтты. «Жыл сайын 30 миллион гектардан астам жердің мәселесі қарастырылады. Түгендеу барысында шешімді қажет ететін бірқатар жүйелі мәселелер анықталды. Бүгін Үкімет отырысында олардың көбі қаралды», - деді.
Оның сөзіне қарағанда, бес миллион гектарға жуық пайдаланылмай отырған жер телімі анықталып, оның 1,7 млн. гектары мемлекеттік меншікке қайтарылды. «2,1 миллион гектар жерді пайдалану жұмыстары басталды, 800 мың гектар бойынша бұйрық шыққаннан кейін қайтару мерзімі басталған жоқ, ал 500 мың гектар бойынша талап-арыз соттың қарауында», - деді вице-министр.
«Қолданыстағы заңнама аясында пайдаланылмай отырған жерді қайтару үдерісі айтарлықтай күрделі. Бүгін осы мәселе де талқыланды. Осы орайда заңнамалық актілерге қажетті өзгерістер қаралды», - деп тоқталды Қ. Өскенбаев.