Пайдаланылмай жатқан жер телімдерін құрылыс салуға қауқарлы адамдарға беру қажет - Қазақстан Президенті

АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ -  Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Н.Назарбаев, пайдаланылмай жатқан жер телімдерін құрылыс салуға қауқарлы адамдарға беру қажеттігін айтты.

Пайдаланылмай жатқан жер телімдерін құрылыс салуға қауқарлы адамдарға беру қажет - Қазақстан Президенті

«Қала маңында жеке тұрғын үй құрылысына жер телімдерін бөлу тұрғысында проблемалар қордаланып қалды. Сонымен қатар, бөлінген көптеген жер учаскелері игерілмей қалып жатыр»,-деді Мемлекет басшысы.

Президенттің сөзіне қарағанда, жеке құрылысқа жер бөлудің қазіргі ережелері құрылыс жасаушының қаржылық мүмкіндігін ескермейді.

«Жерді алып, кейбірі оны пайдаланбайды. Егер пайдаланбаса жер телімін үй салуға қауқарлы басқа біреуге беру керек»,-деп қадап айтты Н. Назарбаев.

Мемлекет басшысының пікірінше, осы мәселені тек әкімдер ғана қадағалай алады.

«Осы жерден мұны байқау мүмкін емес»,-деп ескертіп өтті Президент.

Осы орайда Үкімет пен әкімдіктерге осы мәселе бойынша тиісті ұсыныстар жасау жүктелді.