Пайдаланылмай жатқан жерлерге жоғары салық енгізу керек немесе мемлекетке қайтару қажет - Н. Назарбаев
«Соңғы үш жылда жерді сатып алуға 17 млрд. теңге жұмсалған. Алайда, әкімдік басқармаларымен жер 10 есеге айырмашылығы бар бағамен сатып алынған. Яғни, бұл әкімдік деңгейінде бірыңғай қадам жасалмағанынан, жер телімдерін сатып алудың ашықтығы қамтамасыз етілмеуінен болып отыр. Елордалық жер әрқашан және әр жерде инвестиция тартудың маңызды экономикалық активі»,-деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, ҚР Бас прокуратурасының мәліметтері бойынша қалада 10 мың гектардан астам аумақтағы 503 жер телімдері игерілмей жатыр. «Егер шынымен де Бас прокуратура осындай деректерді келтіріп жатса, онда бұл мәселені шешу керек»,-деді Н. Назарбаев. Бұл тұрғыда Елбасы көбі жерді алып, енді ештеңе істемей жатқанын, сұраныс басталып, баға өскеннен кейін аталған азаматтар қайта сатуды күтіп отырғандығын сынға алды.
«Кезінде басып қалып, пайдаланылмай жатқан жерлерге жоғары салық енгізу керек немесе мемлекетке қайтару қажет. Егер алды ма, онда құрылыс жұмыстарын жүргізсін»,-деп қадап айтты Президент.
Осы орайда ол Премьер-Министрдің орынбасарлары Бақытан Сағынтаев пен Қайрат Келімбетовке аталған мәселеге қайта оралып, пайдаланылмай отырған жер телімдері проблемасын шешуді жүктеді.