Пайдалы қазбалар қалдығын өңдеу күн тәртібінд

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мұнай, газ, көмір, уран және басқа да пайдалы қазбалар өнді­рі­сіндегі біржақты көзқарас, яғ­ни табыс көзіне айналдыру, өн­діріс барысында экологиялық қау­іп­сі­з­дікті сақтамау, табиғи орта­ның зи­янды қалдықтармен ластануы бүгінде ғаламдық мәселеге айналып отыр.

Пайдалы қазбалар қалдығын өңдеу күн тәртібінд

Әлемдік ғылыми орта мен экологтардың қоршаған ортаны қорғау мәселесіне көңіл бөлуі, шектен тыс ластанған аймақтардың жағдайын бақылау, өндіріс қалдықтарын пайдаға асыру, қор­ша­ған орта сапасына баға беру, болашаққа болжам жасау және та­биғатты қорғау іс-шараларын жүзеге асырудың ма­ңыздылығы да осындай өзек­ті­ліктен туындаған.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа Жолдауында: «Қазақстанның энергия ресурстарын әлемдік рынокқа жеткізу, мұнай-газ кешендерін қазір­гі заманға сай инженерлік және бағ­дар­ламалық қамтамасыз етумен қатар, халықаралық стандарттарға сай қор­ша­ған ортаны қорғау қажет» деп атап өткен болатын. Демек, мұнай-газды өндірудің табиғи ортаға тигізетін зиян­ды әсерлерін азайту бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отыр.

Қазақстанда жылына мың­да­ған тонна өндірістік және ауыл­шаруашылық қалдықтары пайда болады. Кен орындарындағы қалдықтардың негізгі бөлігін ашық резервуарларда жиналып, сақталған мұнай қалдықтары құрайды. Өз кезегінде ашық орын­­дарда жиналған мұнай қал­дық­тары жер қойнауына сіңіп, жерасты суларын, топырақ құ­нар­лығын, осы аумақтағы сирек кездесетін кейбір өсімдіктердің түрін жойып, күн сәулесі әсерінен ауаға тарап, қоршаған ортаның экологиялық жағдайын нашарлатуда.

Қазақстанда осы уақытқа дейін мұнай және көмір қалдықтарын өңдеп, қайта пайдалану мақсатында брикет отынын дайындауға арналған өндіріс ошақтары салынған емес. Қазіргі таңда көптеген жеке кәсіпорындар мұнай қалдықтарын жою мәселесін әртүрлі әдістер арқылы шешіп келеді. Дегенмен, бұл әдістер экологиялық-экономикалық тұрғыдан кәсіпорындарға пайда алып келмейді, керісінше қоршаған ортаға зиянын тигізеді.

Мұнай кен орындары мен өн­ді­ріс орындарында жинақталған орга­ни­калық қосылыстардың жо­ғары құрамымен ерек­ше­ле­не­тін қатты мұнай қалдықтары - асфальт-шайыр-парафин шөгін­ділерін қолданып брикет отынын жасау бойынша бірнеше жылдардан бергі жүргізілген тәжірибелік зерттеу жұмыстарының нәти­же­сін­де брикеттеу процесінің тех­но­логиялық параметрлері анық­тал­ды. Ұсынылған құрамдағы брикеттелген отынды қолдану жергілікті мұнай кен орындарындағы жинал­ған асфальт-шайыр-парафин шө­гін­ділері қалдықтарын пай­да­лану мүмкіндігін кеңейтіп, қор­шаған ортаны зиянды заттардан қор­ғау бойынша түйткілді  мәсе­ле­лерді шешуге мүмкіндік береді. Брикеттелген отын жасау тех­нологиясы қарапайым кө­рін­ге­німен, ғылыми-техни­калық және жүйелік дай­ындаусыз бұл процесс өз нәти­жесін бермейді. Бұл технологияда ең маңыздысы брикет қоспасына қосы­ла­тын бай­ла­ныстырғыш заттардың қасиеттері мен мөлшерлік ара қа­ты­нас­тары­ның тиімді сәйкестілігі дер едік. Осы­ған байланысты брикет отынын дайындау техно­логиясын же­тіл­діру және жаб­дық­тардың өнім­ділігін арттыру мәселесі қазіргі таң­да өзекті болып отыр. Асфальт-шайыр-парафин шө­гін­­ді­лерін, күріш қауызы және кө­мір­дің ұнтақ қалдықтарын пай­даланып брикет отынын алу әдісі тиімді технологиялық пара­мет­р­лерді ескере отырып жүзеге аса­ды.

Сондықтан мұнай өндіруші аймақтардағы мұнай қалдықтарын кәдеге жарату және қай­та өңдеу, қоршаған табиғи ортаны қор­­ғаудағы негізгі мақсаттардың бірі бо­лып саналады. Қазіргі таңда мұнай өнді­руші объек­тілері тазалау қондырғыларымен жабдық­тал­ға­нымен, мұнайды өндіру мен та­сымалдау кезінде қоршаған орта­ға кері әсерін тигізетін заттар­дан және іс-әрекеттерден толық арыла алмай отырғаны анық. Сон­дықтан табиғи жағдай үшін шы­ғыны аз, тиімді техника-тех­но­логиялық шешімдерді іздестіру ға­лымдардың алдындағы үлкен мін­дет.