Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) жайлы бір емес, екі фильм түсіріліп жатыр
АСТАНА. 6 маусым. ҚазАқпарат - Қазіргі уақытта Пайғамбарлар падишасы Мұхаммед Мұстафаның (Алланың сәлемі мен игілігі жаусын) өнегелі өміріне арналған екі бірдей фильм түсіріліп жатыр. Бұл жайында Stoklatka.pl британиялық Guardian-ға сілтеме жасай отырып, хабар таратты.
Алғашқы фильмді Al-Noor Production компаниясы Катарда түсіріп жатыр. Фильмнің продюссері ретінде «Жүзік әміршісін» (Властелин колец) түсірген Барри Осборн шақырылған екен. Ал шейх Жүсіп Қарадауи діни кеңесші болып тағайындалды.
Фильмде Пайғамбарымыздың (с.а.у.) түр-тұлғасы көрсетілмейді. Тек даусы ғана болады. Фильмге 1 млрд. доллар қаражат жұмсалады.
muslim.kz сайтының жазуынша, ал ирандық режиссер Мәжит Мәжиттің Адамзаттың асыл тұлғасы (с.а.с.) жайлы фильмді түсіру жұмыстарына 30 млн. доллар қаражат қарастырылған.
Ислам дінін алып келген тұлға (с.а.у.) жайлы бұрын түсірілген көркем таспалардың ішінде Энтони Куиннің 1977-ші жылғы «Елші» атты фильмі былайғы жұртқа кеңінен таныс екенін айта кету керек. Аталмыш фильм Ливия басшысы Муаммар Кадафидің қаражатына түсірілген болатын.