Педагог мәртебесі туралы заң Сенатқа жіберілді
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжілісте «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда қабылданып, Сенатқа жіберілді. Оған қоса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне педагог мәртебесі мәселелері бойынша өзгерістер енгізілетін болды.
Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанның айтуынша, бірінші оқылымнан кейін заң жобаларын жетілдіру үшін ауқымды жұмыс атқарылды. Депутаттар айтқан түзетулер заңның қолдану аясын кеңейтіп, оның мазмұнын сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерді.
Қаралатын мәселелердің ауқымы мен маңыздылығын ескеріп, заң жобасының атауын «Педагог мәртебесі, білім беру, денсаулық сақтау және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп өзгерту ұсынылған.
– Заң жобасының өзегі – педагог мәртебесін нақты қорғау. Ұсынылған нормалар мұғалімді артық жүктемеден арылтып, оның кәсіби еркіндігін қамтамасыз етеді. Енді педагогтердің білім алушылар алдындағы жауапкершілігі тек оқу процесі барысында ғана айқындалады. Бұл мұғалімді өзіне тән емес функциялардан қорғайды, - деді Ж. Әшімжан Мәжілістің жалпы отырысында.
Сондай-ақ заң жобасында қағаз және электрондық форматта қатар жүретін «цифрлық бюрократияға» заңнамалық деңгейде тыйым салынады.
Талантты мамандарды қолдау мақсатында халықаралық кәсіби шеберлік конкурстарының жеңімпаздарына жоғары оқу орындарына конкурстан тыс грант тағайындау нормасы қарастырылды.
– Біз білім беру ортасын реттеуде батыл қадамдар жасап, орта білім беру ұйымдарында ұялы құрылғыларды пайдаланудың бірыңғай қағидаларын бекіттік. Бұл оқушы назарын білімге аударуға және кибербуллингтің алдын алуға септігін тигізеді, - деді Мәжіліс депутаты.
Баланың өмірі, денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін ата-аналардың жауапкершілігі де кеңейтілді. Білім мен тәрбие – тек мектептің ғана емес, отбасы мен мемлекеттің ортақ ісі екені нақты айқындалды.
Заң жобасында педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша студенттерді қабылдау мен ауыстыру талаптары қатаңдатылды. Бұл салаларға ең үздік, білімді жастардың келуін қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Сонымен бірге, Қазақстан аумағында жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының еркін қызмет етуі үшін қолайлы құқықтық режим бекітілді. Бұл – болашақта елімізді өңірлік білім хабына айналдырудың маңызды тетігі болмақ.
– Талқылау барысында денсаулық сақтау мәселелері жеке блок ретінде енгізілді. Онда медициналық білім беруді жетілдіру, денсаулық сақтау нысандарын салу мен пайдалануда мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін тиімді қолдану нормалары қарастырылды. Педагогтердің заңды мүдделерін қорғау мақсатында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген түзетулер негізгі заңмен толық сәйкестендірілді. Бұл заңның орындалуын бақылайтын нақты тетік болмақ, – деді Жанарбек Әшімжан.
Айта кетейік, елімізде педагогтердің цифрлық жүктемесіне аудит жүргізіліп жатыр.