Педагог мәртебесін көтермей білім саласында жетістікке үміт арту мүмкін емес - Білім министрі
АСТАНА. 1 ақпан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Педагог мәртебесін көтермей білім саласында жетістікке үміт арту мүмкін емес.
Бүгін Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 2011 жылғы 28 қаңтардағы ҚР Президентінің Қазақстан халқына жолдауын түсіндіруге арналған жиын барысында Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов осылай мәлім етті.
«Педагог мәртебесін көтеру туралы көп айтылды, ол жаңа бағдарламада толық бір бөліммен қамтылды. Ал бұнда нақты тиімділікті арттыру үшін біз бірнеше бағытта жұмыс атқаруымыз керек. Атап айтсақ, біріншіден педагогтардың біліктілігін арттыру жүйесін пәрменді көтеру керек. Сонымен қатар, білім беру ұйымдары басшыларын да қайта даярлаудан өткізіп, оларды осы саланың менеджментіне үйретіп отырған жөн. Екіншіден, қаржыландыру мен материалдық ынталандырудың жаңа тетігі енгізілгені жөн. Ұстаздардың орташа жалақысын жеке сектордағы еңбекақыға жақындату қажет. Ал біліктілікті арттыруда ваучерлік-модельдік қаржыландыруды меңгеруге тиіспіз. Үшіншіден, педагог беделін көтеру жолында тиісті имидждік жұмыстар атқарылса игі», - деді министр.
Оның айтуынша, педагог мәртебесін көтермей, білім саласындағы жетістікке үміт арту мүмкін емес. Сондықтан да, бұл мәселе жаңа бағдарлама мен Елбасы жолдауында қамтылған. Сонымен қатар, министр жоғары оқу орындарында жұмыс істейтін біліктілікті арттыру институттарының қызметіне де тоқталып өтті. «Обыстарда 16 біліктілікті арттыру институттары жұмыс істейді, алайда олар өздерінің материалдық-техникалық жабдықталуы, білім беру сапасы бойынша талаптарға жауап бере алмайды. Бұны түбегейлі қайта қарастырамыз», - деді Б. Жұмағұлов.
«Жалпы, педагог мәртебесін көтеру бұл мол қаражат бөлумен ғана шешіле салатын дүние емес. Біздің бала кезімізде ұстаздарға деген құрмет, көзқарасымыз ерекше еді. Осы жақсы құрметіміз де кешегі заманмен бірге құрып бара жатқандай. Өйткені, елдегі ұстаздың беделі бұрынғыдай емес. Сондықтан да, біз барлық деңгейде мұғалім мәртебесін арттыратын жаңа тұжырымдама әзірлесек ұтарымыз мол болар еді», - деді ол.