Педагогикалық шеберлік орталығы мен педагогтардың біліктілігін көтерудің ұлттық орталығы құрылады - Бақытжан Жұмағұлов
МАТЫ. 23 тамыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Оқытушыларды қайта дайындау мен біліктілігін көтеру үздік әлемдік тәжірибелерге сәйкес жаңаша жүргізіледі. Оны Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов бүгін Алматыда өтіп жатқан білім беру қызметкерлерінің он-лайын жүйесіндегі "Отбасы. Мектеп. Қоғам - игілікті болашақ үшін" деген тақырыптағы дәстүрлі тамыз кеңесінде айтты.
"Бұл үшін жаңа құрылымдар құрамыз. Назарбаев зияткерлік мектептері жанынан Педагогикалық шеберлік орталығы және педагогтардың біліктілігін көтерудің ұлттық орталығы құрылады. Жаңа бағдарламамен ақы төленетін мемлекеттік қайта дайындаудан өткен педагогтар біліктіліктің жаңа бірінші, екінші, үшінші деңгейлері бойынша сертификаттар алады", - дейді Бақытжан Тұрсынұлы. Қазақстанның Бас педагогының айтуынша, бұл деңгейлер жалақыға жаңа салмақты үстемелер береді. Яғни, оқытушылар еңбегіне ақы төлеу айтарықтай ұлғаяды. Біліктіліктің жаңа деңгейі мен мұғалімдер дәрежелері арасында ешқандай тікелей өзара байланыс жоқ. Аға буын оқытушыларды біз бағалаймыз. Сол себепті қазіргі дәрежелік жүйесі одан ары қолданыла береді. Дәрежеге байланысты 1-қыркүйектен бастап қосылатын үстемені барлық оқытушылар алады. Ал қайта дайындау алдағы 5 жылдың шаруасы. Ол өз біліктілігін халықаралық норма бойынша одан ары көтеруді көздейтін оқытушыларға есептелген. Жаңа деңгейге байланысты үстемелер мүлде бөлек болады", - дейді Б. Жұмағұлов.