Педагогикалық ЖОО студенттері білімді ақпараттандыру саласы бойынша дайындықтан өтуі тиіс - ҚазҰУ проректоры
АЛМАТЫ. Қазанның 6-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Педагогикалық жоғары оқу орындарында әдістемені қалай оқытатын болса, білімді ақпараттандыруды да солай оқыту керек. Оны Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетінің 1-інші проректоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Мақтағали Бектемесов Алматыда өткен «Білім мен ғылымдағы ақпараттық технология және математикалық модельдеу» деп аталатын V халықаралық ғылыми-әдістемелік конференцияда айтты.
«Білімді ақпараттандыруды іс-әрекет ретінде қазіргі және болашақ педагогтардың бәріне оқыту керек. Педагогикалық жоғары оқу орындарының студенттерінің барлығы білімді ақпараттандыру саласы бойынша дайындықтан өтуі тиіс. Білімді ақпараттандыру - бұл оқытуды ғана ақпараттандыру емес. Ол оқу қызметін, оқыту нәтижелерін бақылау мен өлшеуді, оқудан тыс қызмет пен тәрбиелеу үрдістерін, ғылыми зерттеу мен ғылыми әдістемелік және ұйымдастыру-басқару қызметін де ақпараттандыру», - дейді Мақтағали Әбдімәжитұлы. Ғалымның пайымдауынша, ресурстар мен технологиялар сапалы болып, сапаның кешенді сараптамасынан өтуі тиіс. Оларды пайдалану, көп болса, тіпті жақсы деген қағида бойынша жүзеге асырылмауы керек. Қай жерге қажет болса сол жердегі білім жүйесінің талаптарына сай болуы тиіс. Ал қазір бізде алдымен ресурс жасалынады, ал ол қай жерде, қалай пайдаланылатынын жан-жақты сараптан өткізбейді. Сол себепті алдымен оқытудың әдістемелік жүйесін түсініп алып, содан кейін ғана қажетті ресурстарды анықтап, жасау қажет.