Педагогтер қызметінің тиімділік рейтингі енгізіледі

АСТАНА. KAZINFORM – «Ұстаз» ұлттық платформасында педагог қызметкерлердің бірыңғай деректер базасы жасақталады. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

Биыл 805 педагог-кәсіби бағдар беруші оқытылады
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

- Министрлік «Ұстаз» педагогтерді үздіксіз кәсіптік дамыту ұлттық платформасын енгізді. Оның қызметі педагогтерді аттестациядан өткізу ережесімен және шарттарымен реттеледі. Биыл платформада «педагог-модератор» және «педагог-сарапшы» біліктілік санаттарына педагогтерді аттестаттау өтеді. Сонымен қатар 2026 жылдың соңына қарай платформада толықтай кәсіптік трекингті қамтамасыз ететін педагог қызметкерлердің бірыңғай деректер базасы жасақталады. Мұнан бөлек, педагогтер мен білім беру ұйымдары басшылары қызметінің тиімділік рейтингін енгізу жұмысы жүргізіліп жатыр, - деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.

Оның атап өтуінше, платформаны дамыту аясында педагог кадрларға өңірлердің қажеттілігін сараптау және болжау алгоритміне жасанды интеллект енгізу жоспарланған.

- Айқын өлшемшарттар негізінде платформада үздік педагогтер тізілімі жасақталады. Бұл олардың тәжірибесін таратуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осылайша, платформа педагогтердің сандық сапалық құрамына цифрлық мониторинг енгізуге, педагогтерге біліктілік санаттарын беруге бақылауды күшейтуге, педагогтердің анық мансаптық өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деді Олжас Бектенов.

Бұған дейін еліміздің орта білім беру ұйымдарында педагог-кәсіптік бағдар беруші лауазымы ресми түрде бекітілгенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар