Педагогтерді даярлауда мемлекеттік тапсырыс қайта қаралады – Әлихан Смайылов
Елімізде мұғалімдерді даярлаудың мемлекеттік тапсырысы қайта қаралып, ол келер жылы 15-ші ақпанға дейін қабылдану керек, деп хабарлайды Kazinform.
«Білім беру ұйымдарындағы болжамды сұранысты айқындап алып, педагогтерді даярлауға мемлекеттік тапсырысты соның негізінде қайта қарау қажет. Жергілікті жерлердегі кадр тапшылығын азайтудың тиісті өңірлік бағдарламаларын әзірлеп, 15-ші ақпанға дейін қабылдау керек. Жас мұғалімдердің осы кәсіпке бейімделіп кетуінің тиімді механизмдерін әзірлеп, тәлімгерлік жүйесін және жаңа құзыреттер бойынша педагогтардың біліктілігін арттыру жүйесін жасау қажет», - деді Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.
Үкімет басшысының мәліметінше, үздіксіз педагогикалық білім беру жүйесін, оқыту бағдарламалары мазмұнының бала-бақшадан университетке дейінгі сабақтастығын қамтамасыз ету керек.
«Бұдан басқа, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын әдістемелік қолдау жұмысын күшейту қажет», - дейді Ә. Смайылов.