Педагогтердің цифрлық жүктемесіне аудит жүргізіліп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Педагогтердің цифрлық жүктемесіне аудит жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министрдің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның жауабында айтылған.

200 тысяч педагогов Казахстана создадут ИИ-ассистентов с ChatGPT Edu
Фото: Жасанды интеллект

— Еліміздің мектептерінде белгіленген талаптарға сәйкес келетін төрт цифрлық платформа (Kundelik, BilimClass, Bilimal, EDUS.Mektep — LMS-жүйелері) қолданылады. Аталған цифрлық платформалардың функционалы есептілік процестерін автоматтандыруға және педагогке түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Мәселен, LMS-жүйелер арқылы тоқсандық, жылдық бағалар мен есептер автоматты түрде қалыптастырылады, — деді Аида Балаева.

Оның атап өтуінше, LMS-жүйелер басқа да цифрлық сервистермен (тапсырмалар, тесттер, курстар каталогы, бейнеконференциялар және электрондық оқулықтар) интеграцияланған. Бұл педагогтерге оқу процесінде дайын білім беру материалдарын пайдалануға мүмкіндік береді.

— Педагогтердің цифрлық жүктемесіне аудит жүргізу үшін Оқу-ағарту министрлігі тәжірибелі педагогтер, әдіскерлер және IT-мамандарды тарта отырып, жұмыс тобын құрды. Жұмыс тобы педагогтің LMS-жүйеде жұмыс істеу уақытын (тақырыптық жоспарларды толтыру, бағалар қою, үй тапсырмаларын бақылау және т. б.) талдауда. Жұмыс қорытындысы бойынша LMS-жүйелердің функционалын оңтайландыру және қайта қарау (күнделікті қайталанатын тапсырмаларды автоматтандыру, қайталанатын функцияларды жою) жөнінде нақты ұсыныстарын қамтитын есеп әзірленеді. Бұл ұсыныстар қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізу кезінде де ескерілетін болады, — деді вице-премьер.

Бұған дейін Алматының мамандырылған ауданаралық экономикалық соты «Күнделік» ЖШС-нің Алматы қаласының білім беру ұйымдарының BilimClass платформасына көшуіне қандай да бір шектеулер қою туралы өтінішін қабылдамаған еді.