Педагогтың құқықтары мен міндеттерін заң жүзінде бекіту маңызды - мектеп директоры
Көп жылдық еңбек өтілі бар педагогтың атап өтуінше, талқыланып отырған заң жобасы - барлық мұғалімдер қауымы үшін көптен күткен оқиға. «Бұл қаншама рет талқыланып, көп ұсыныстар жасалған мәселе. Салыстыра тексерілген, жан-жақты пысықталған қазіргі заң жобасы білім және еңбек кодексі туралы заң негіздерін жинақтады. Ол көбіне жас мұғалімдерге жолданған. Ондағы позитивті сәттердің бірі - әскерге шақырылу мерзімін ұзарту. Мұғалім болып көбіне әйел адамдар қызмет ететіні құпия емес, бұл салада жас ер азамат мамандар аз. Өзіміз де осындай жағдайға тап болғанбыз. Мектебімізге жас маман психолог болып жұмысқа орналасты. Бір жыл қызмет етіп, оқушылармен де, ата-аналарымен де жақсы байланыс орнатып үлгерді. Жұмысының жақсы нәтижелерін көрсете бастағанда, әскер қатарына шақыртылды. Заң жобасына әскерге шақыру мерзімін ұзарту бойынша енгізілген жаңалықтар жас мамандарға өз әлеуетін іске асыру мұмкіндігін беріп отыр», - дейді Сәния Шәріпова.
Ол сондай-ақ тәлімгерлік үшін ақы төлеу жоспары енгізілетінін атап өтті.
Педагогтың пікірінше, бұл заң жобасы қоғам үшін де маңызды. Себебі Сәния Шәріпованың айтуынша, педагогтың моральдық, заң тұрғысынан қорғалуы жағынан көптеген өзекті мәселелер жинақталған.
«Қазіргі кезде ұстаздарды мектеп оқушыларына қалай білім беру, олармен қалай сөйлесу керек екенін үйреткісі келетін адамдар өте көп. Ал бұрын ұстаз айтқан сөздің салмағы бар еді. Сондықтан бүгінде педагогтың ерекше мәртебесін, оның құқықтары мен міндеттерін заң жүзінде бекіту маңызды болып табылады», - деп түйіндеді ол.
Авторы: Жанна Мұсабаева