Педикулезден арылудың екі жолы бар - эпидемиолог

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Педикулезден қалай сақтану керек және паразиттен құтылудың амалы қандай? Бұл сауалдарға Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қасымхан Алпысбайұлы жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Педикулезден арылудың екі жолы бар - эпидемиолог

Маманның айтуынша, педикулез бірнеше жолмен жұғады. Педикулезі бар адаммен бір тарақпен таранып, бір сүлгімен сүртінсе, бит сіздің шашыңызға ауысады.

«Балабақшада, мектепте, өзен-көл, жағажай, бассейн сияқты көпшілік шомылатын орындардан да педикулезды жұқтырып алу қаупі бар. Сондықтан жеке бас гигиенасын сақтау керек», - дейді спикер.

Сонымен қатар, ол педикулезден арылудың екі жолы бар екенін айтты.

«Одан құтылудың екі жолы бар. Ол - механикалық және химиялық әдіс. Яғни, қолмен тазалау және түрлі арнайы сусабындарды қолдану. Сусабын, лосьон, аэрозольді мамандандырылған дәріханадан алу керек. Қолданар алдында ішіндегі нұсқаулықпен танысып, соны сақтаған жөн», - дейді эпидемиолог.

Сонымен қатар, ол педикулезді болдырмау мен одан айығу үшін бірқатар кеңес берді:

- Басты жиі жуу керек;

- төсек жабдығын апта сайын ауыстыру қажет;

- үйді тұрақты тазалап тұру қажет.

- балаға біреудің баскиімін киіп, мойынорағышын тағуға болмайтынын түсіндіру керек.


Фото: pediatrichairsolutions.com