«Педофилдерге қарсы үкіметтік бағдарлама әзірленуі мүмкін» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 12 маусым, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Педофилдерге қарсы үкіметтік бағдарлама әзірленуі мүмкін» - баспасөзге шолу

***

«Педофилдерге қарсы үкіметтік бағдарлама әзірленуі мүмкін» деп жазады «Айқын» басылымы. Еліміздегі балаларға қарсы жыныстық зорлық жасау деректерінің артуына байланысты бұл проблеманы Бас прокуратура бақылауға алыпты.

Атап айтқанда, балаларға жыныстық зорлық-зомбылық жасауға қарсы іс-қимыл жасау жөніндегі заңдық базаны жетілдіруге айрықша назар аударылды. Бұл істе педофилдерге қатысты қылмыстық жауапкершілікті қатаңдату, балаларға зорлық көрсетіп сотталып шыққан адамдарға әкімшілік қадағалауды күшейтуді қамтамасыз ету мәселелері де қамтылады.

«Тағы бір жаңалық: бұрын бала зорлап, сотталып шыққан адамдар белгілі бір жерге келіп тұрақтаса, жергілікті тұрғындарды өз араларына тұруға кімнің келгендігі туралы міндетті түрде хабардар ету мәселесі пысықталмақ!

Бас прокурор мұндай қылмыскерлерге кесілген жазаны жеңілдетудің шартты түрде мерзімінен бұрын босату, шартты түрде соттау, рақымшылық жасау, жеңіл жазаға ауыстыру, т.б. сияқты қандайда бір шараларын енгізуге тыйым салуды ұсынды. Бұл санаттағы қылмыстарды тергеудің тиімділігін арттыру мақсатында күдіктіден жауап алған кезде полиграфологиялық зерттеуді пайдалануды заңмен бекіту ұсынылды», - делiнген мақалада.

Бас прокурордың мәліметінше, биыл­ғы жылы арлы-ұятты адамдар атының өзі­нен жүрегі айнитын мұндай айуандық қылмыстар күрт артты: бес айдың қоры­тын­дысы бойынша, педофилдер тарапы­нан балаларға жасалған жыныстық қыл­мыстардың тек тіркелген деректерінің саны ендігі 632-ге жеткен.

Отандық автокөлік өндірісін дамыту мақсатында үкімет екінші деңгейлі банк арқылы халыққа несие бергені белгілі. Енді мұның қорытындысы қандай? «Шын мәнінде, халық несиемен автокөлік алды ма? деп сауал тастайды "Айқын" газетi "2886 адам көлік алды" атты мақалада.

Дерекке жүгінер болсақ, Қазақ­станның Даму банкінің жеңілдікті авто несие беру бағдарламасының аясында 2886 қазақстандық көлікті болған. Банк олардың көлік алуына 9,2 млрд теңге көлемінде қаражатты несие ретінде берген.

Қазақстан Даму банкінің тұр­ғын­дарға авто несиені екінші дең­гейлі банктер арқылы беретіні бел­гілі. Аталған бағдарламаға «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Еуразиялық банк» АҚ, «Халық Банкі» АҚ, «Сбер­банк России» АҚ ЕБ, «АТФ Банк» АҚ, Forte Bank АҚ қа­тысуда. Жыл басынан бері олардың барлығына 2900-дей өтінім келіп түскен. Солардың 2886-сы ғана бүгінгі күні көлікті болып отыр. Қазіргі таңда 9 адамның сұранымы қаралу үстінде.

Айта кетейік, Қазақстан азамат­тарына авто несие беру шарттары жеңілдетілген түрде беріліп жатыр. Несиенің сыйақы жылдық мөл­шер­лемесі 4 пайызды құрайды, ал өтеу мерзімі 5 жылға дейін.

Несиеге берілетін автокөлік­тердің түрі қазір 55 болып тұр.

***

«Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері V съезінің кешегі жалпы отырысы мен жабылу салтанатына Ел­басы Нұрсұлтан Назар­баев қатысты», деп хабарлайды « Егемен Қазақстан » басылымы « Тағаттылық - адамзат таңдауы » атты мақаласында.

Мемлекет басшысы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезі жаһандық үнқатысудың өзектілігін, оның қажеттілігі арта түскенін тағы да айқын көрсетіп бергенін айтты. «Сөз бен тіл, яғни тілдесу мен үнқатысу - адам баласына, адам­затқа берілген Құдайдың теңдессіз сыйы. Біздің парызымыз - оның бітімгершілік және жасампаз қуа­тын толығымен пайдалану. Бүгінгі V съезде жалпыға ортақ тату­лық пен мейірім, әділеттілік пен рухани үйлесім дәуіріне қарай тағы бір қадам жасалды. Біз жа­һанды күмән-күдік жайлаған кезеңде тек бір-бірімізбен тілдесу арқылы ғана үмітті, болашаққа деген се­німді оятуға болатынын дә­лелдедік», - деді Қазақстан Президенті. Бұдан бөлек, Нұрсұлтан На­зарбаев съездің қызметіне қатысты ұсыныстарын айтты.

«Қазірдің өзінде съезіміздің бай тарихы қалыптасып үлгерді. Біз бетпе-бет сұхбат құру жөнінде елеулі тәжірибе жинақтадық, сұхбаттасу мен өзара түсінісу дәстүрлерін орнықтырдық. Діндер мен өркениеттердің өзге де өзара ықпалдасу ұйымдарымен байланыс жолға қойылып келеді. Сон­дықтан мен Астанадағы осы­нау ғимаратта Бейбітшілік және келісім музейін ашуды ұсы­намын. Съезіміздің тарихына деген мұндай игі көзқарас, адамзаттың даму проблемалары жөніндегі бірлескен шешімдер тәжірибесін жинақтап, қорыту діндер мен халық­тардың татулығы мен өзара түсі­ністігін нығайту үшін аса маңыз­ды болмақ. Бейбітшілік және келісім музейі, сондай-ақ, дін­дер мен мәдениеттер үнқаты­суы тарихын зерттейтін съезд жанындағы ғылыми мекеме болады», - деді Мемлекет басшысы.