Педофилдерге қатысты аса қатаң жаза қарастыратын заң жобасын әзірлейтін уақыт жетті - М. Алтынбаев

«Соңғы жылдары жасөспірім балаларға қарсы жасалынып жатқан арсыз, адами қасиетке жат қылықтар қоғамда белең алып, халықтың наразылығын туғызуда. Туған қызына қиянат жасаған әке, балаларға көрсетіліп жатқан зорлық-зомбылықтар сияқты жан түршігерлік оқиғалар баспасөз беттерінде жазылып, теледидардан көрсетіліп жүр. Өкінішке қарай, осындай фактілер жиілеп, оны естіп, көрген ата-ана балаларын далаға жіберуге қорқып, үйінен шығармай ұстап отыруға мәжбүр», - дейді депутат.
Сонымен қатар, сенатор халқымыз ежелден салт-дәстүрді берік ұстанғанын, әдет-ғұрыпқа бекем болып, балаға тал бесіктен зор құрметпен қарап, ер баланы атқа қонғанша, қыз баланы бой жеткенше мәпелеп өсіргенін айтты. Қандай қилы замандардарды бастан кешірсе де бүгінгідей орын алып жатқан оқиғалар секілді ар-намысқа жат, ұят қылықтарға жол бермеген намысшыл халық екенімізді еске салды. «Ал халықтың наразылығын туғызып отырған мәселе - ол кәмелетке толмаған балаларға қиянат жасаушыларға тағайындалатын жазаның жеңілдігі. Осындай қылмыстар жасап жүрген арсыздарға мемлекет тарапынан жеңіл дәрежеде жаза тағайындалып жатқандығы бұқара халықтың ашуын туғызып, бізге көптеген хаттар келіп түсіп жатыр. Сонымен қатар, біз айуандық әрекеттен жәбір көрген балалардың құқығы тапталып жатыр деп есептейміз. Себебі, ең алдымен ондай жәбір көрген баланың психикасы бұзылатыны сөзсіз. Екіншіден ол баланың өміріне, келешегіне өшпес дақ түседі. Қоғамнан оқшауланып, өзін-өзі ыңғайсыз сезінеді. Қиянат көрген балалардың өздеріне қол жұмсап жатқандары қаншама? Кейбір шет мемлекеттерде осындай қылмыс жасаушыларға еш аяушылық жоқ. Заңмен қатаң жазаланады. Мысалы, Иран, Оңтүстік Корея, Ирак, Сауд Аравиясында кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған жыныстық сипаттағы қылмыстар үшін өлім жазасы көзделген. Кейбір елдерде педофилдерге қатысты химиялық кастрация жасау мәселесі қаралып жатыр», - деді М. Алтынбаев.
Осы ретте, сенатор 2010 жылы баланың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мәселелері бойынша қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін еске салып, онда кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар үшін жаза біршама күшейтілгенін айтты. Алайда, бұл мәселенің оң шешілуіне септігін тигізбеген. Ең бір өкініштісі сол кезде заңды талқылау барысында педофилдерге педагогикалық қызметпен өмір бойы айналысуға тыйым салатын норма қолдау таппаған болатын.
«Ал енді статистикаға келсек, ресми мәліметтерге қарағанда он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынаста болу және нәпсіқұмарлық сипаттағы өзге де іс әрекеттер жасау қылмыстары 2011 жылы 148 болса, 2012 жылы мұндай қылмыстар 232-ге жеткен. Осы жылдың бес айының өзінде республикада осындай сипаттағы жасалған қылмыстар саны 181 болып отыр. Мінеки, кәмелетке толмағандарға қатысты жасалып жатқан қылмыстар елімізде жылдан жылға ерекше қарқынмен өсіп келеді. Осы айтылған сандардың артында қаншама баланың құқығы тапталып, күйзеліске ұшырап жатқандығы, неше ата-ананың көз жасы төгіліп отырғандығы айтпаса да түсінікті. Халықтың наразылығын, ашуын, ызасын туғызып отырғандығы заңды. Сол себепті, кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар үшін жауапкершілікті түбегейлі күшейтіп, педофилдерге қатысты өте қатаң жаза қолданатын мезгіл жетті деп есептейміз. Құрметті Серік Нығметұлы! Жоғарыда келтірілген мән-жайларды ескере отырып, баланың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мәселесі бойынша кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстар үшін жазаны түбегейлі күшейтетін заң жобасын әзірлеуді тапсыруыңызды сұраймыз», - деді сенатор Мұхтар Алтынбаев.