Педофилия үшін жаза өтегендер Қазақстанға кіргізілмейтін болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Педофилия үшін жаза өтегендер Қазақстанға кіргізілмейтін болады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченко мәлім етті.
«Біріншіден, кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты сексуалдық тұрпаттағы қылмыс жасағандарға жаза күшейтіледі. Екіншіден, біздің көзқарасымыз бойынша, жазаны өтеп шыққан осындай қылмыскерлерге қадағалауды күшейту керек. Үшіншіден, интернет кеңістікте балалар порнографиясы мен оларға қатысты сексуалдық зорлық-зомбылықтарды насихаттайтын ақпараттарға шектеу қою қажет. Төртіншіден, шекараны бекемдеуіміз керек. Бізге осындай қылмыстары үшін жазаға тартылған өзге мемлекеттердің азаматтарын және азаматтығы жоқ адамдарды кіргізбеуіміз шарт», - деп атап өтті А.Кравченко.
Оның айтуынша, елде балаларды қатыгездікпен зорлау және өмірлеріне балта шабу оқиғалары үлкен алаңдаушылық туғызуда. «Жыныстық қылмыстар оның ішінде кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты қылмыстар саны артуда. Мәселен, 2010 жылы егер олардың саны 1885 көлемінде тіркелсе, 2014 жылы екі есеге өсті және 3623 қылмыс жасалған. Биыл алты айдың ішінде бұл қылмыстар 20 пайызға көбейген. Ең қатты алаңдатып отырғаны - кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты жыныстық зорлау қылмыстарының артуы. 2010 жылдан бері мұндай қылмыстар екі есеге өсіп, 491-ден 2014 жылы 943-ке дейін ұлғайған. Биылдың өзінде балаларға қатысты зорлық бойынша 726 факті тіркелді. Былтыр осы мерзімде 485 қылмыс тіркелген болатын», - деп атап өтті А.Кравченко.