09:25, 04 Тамыз 2017 | GMT +5
Пеле Неймарды «Пари Сен-Жерменге» ауысуымен құттықтады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бразилиялық Пеле отандасы Неймарды француздық "Пари Сен-Жерменге" ауысуымен құттықтап, сәттілік тіледі. Үш дүркін әлем чемпионы құттықтау сөзін Twitter-дегі парақшасына жазды.

Бейсенбіде 25 жастағы Неймар "Барселонадан" "Пари Сен-Жерменге" ауысты. Ол каталондық клубтан өз келісімшартын рекордтық €222 млн сатып алды. Шабуылшының париждықтармен келісімі 5 жылға жасалды.
"Құттықтаймын, Неймар, осы кезеңде сәттілік тілеймін. Париж - әдемі қала, әлемдегі менің жақсы көретін қалаларымның бірі", - деп жазды Пеле.
Каталондық клуб құрамында Неймар екі рет Испания чемпионы болды. Үш рет ел Кубогын ұтып алды. Бір-бірден - Испания Суперкубогы, Чемпиондар лигасы, сондай-ақ УЕФА суперкубогын еншіледі.
Пеле - Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) тұжырымы бойынша ХХ ғасырдың үздік футболшысы. Ол әлемнің үш дүркін чемпионы болған әлемдегі жалғыз ойыншы.