Пенальти сериясында Жапонияны жеңген Хорватия ширек финалға шықты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қатарда футболдан өтіп жатқан әлем чемпионатының 1/8 финалында Жапония – Хорватия командалары сынға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Топтық бәсекеде әлем чемпиондары Германия мен Испанияны ұтып, сенсация жасаған Жапония құрамасы Е тобында бірінші орынға ие болған еді.

Осыған дейін дүниежүзілік додаларда плей-офқа үш мәрте жолдама алған Жапония ширек финалға шыға алмаған болатын.

Бүгін жапониялықтар төртінші рет бақ сынады. Ал 2018 жылы финалда Францияға ғана жол беріп, күміс жүлдегер атанған хорватиялықтар өз тобынан екінші орынмен плей-офқа өтті.

Командалар өзара үш рет кездесіп, 1997 жылы жолдастық кездесуде жапондар 4:3 есебімен басым түскен.

1998 жылы Франциядағы әлем чемпионатында хорваттар 1:0 есебімен жеңіске жетсе, Германиядағы 2006 жылғы дүниежүзілік додада қос құрама тең тарқасқан-ды (0:0).

Бұл жолы бірінші таймда бастапқыда хорваттар гол соғатын бірнеше мүмкіндікті пайдалана алмады. Есесіне 43-минутта бұрыштамадан ұйымдастырылған шабуылдан кейін жапониялық Дайдзэн Маэда есеп ашты – 1:0.

Екінші кезеңде 55-минутта Деян Ловреннен пас алған Иван Перишич допты баспен дәл соғып, таразы басын теңестірді – 1:1.

Бұдан кейін екі экстратаймға ұласқан ойын тағдыры пенальти сериясында шешілді. Онда Хорватия қақпашысы Доминик Ливакович үш бірдей соққыны қайтарды.

Осылайша, пенальти бәсекесінде 3:1 есебімен жеңіске жеткен Хорватия ширек финалға жолдама алды. Златко Далич шәкірттері 9 желтоқсанда Бразилия – Оңтүстік Корея матчының жеңімпазымен кездеседі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Польшаны ұтқан Францияның ширек финалға жолдама алғанын жазған едік.

Килиан Мбаппе әлем чемпионаттарында 9 гол соққан алғашқы жас ойыншы атанды.

Үйіне ұры түскен ағылшын футболшысы еліне қайтып кетті.

Соңғы жаңалықтар