Пенсильванияда үйдегі жарылыстан 4 адам қаза тауып, біреуі із-түзсіз жоғалды

ГАРРИСБЕРГ. ҚазАқпарат – Батыс Пенсильванияда сенбі таңертең үйде жарылыс болып, төрт адам қаза тапты және біреуі із-түзсіз жоғалды, салдарынан тағы бірнеше үй қирады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ABC News-ке сілтеме жасап.

Пенсильванияда үйдегі жарылыстан 4 адам қаза тауып, біреуі із-түзсіз жоғалды
Кадр из видео: WTAE

Ресми тұлғалардың айтуынша, оқиғадан үш адам зардап шегіп, біреуі жергілікті ауруханаға жеткізілген. Бір науқас ауыр халде жатыр, ал екі адам қажетті ем алып, ауруханадан шығарылды.

Пенсильваниядағы ауа райының құбылмалы болуынан бір күнге қалпына келтіру жұмыстары тоқтатылды. Жұмыстар жексенбі таңертең қайта басталды.

Үйдегі жарылыс пен өрт туралы қоңырау жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 10:22 шамасында жедел жәрдем қызметіне түсті.

Аллегейни округінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бір үй жарылып, қалған екеуі жарылыс салдарынан өртеніп кеткен.

Үш ғимарат қирады, тағы оннан астамы бүлінген, терезелері сынған.

Құтқарушылар үйінділер астында қалған адамдарды тапты.

Өрттің себебі анықталуда. Жергілікті полиция бұл оқиғаны тексеріп жатыр.