Пентагон әр бесінші генерал мен адмиралды қысқартпақ

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-та қарулы күштердегі генералдар, адмиралдар және оларға сәйкес келетін лауазымдардың жалпы саны шамамен 20%-ға қысқартылады. Бұл туралы АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет Вирджиния штатындағы Куантико теңіз жаяу әскері базасында сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС.

пентагон
Фото: Air Force Staff Sgt. John Wright, DOD

Оның айтуынша, қазірдің өзінде қарулы күштердің барлық түрі бойынша генералдар мен адмиралдардың шамамен 10%-ы қызметтен босатылған. Бұған қоса, генералдық құрамдағы лауазымдар саны тағы 10%-ға қысқартылмақ.

– Қысқарту барлық деңгей бойынша 20%-ды құрауы тиіс. Қазір бұқаралық ақпарат құралдары мұны тазарту деп атап жүр. Мен мұны жауапкершілік деп атаймын және оның уақыты әлдеқашан келген, – деді Хегсет.

Пентагон басшысы ведомство жұмысының қағидаттары да өзгеретінін айтты. Оның сөзінше, мақсат – министрліктің өз міндеттерін орындау барысында «ымырасыз әрі табанды» болуын қамтамасыз ету.

Хегсет сөзінде АҚШ қарулы күштерінде енді «семіздер, трансгендерлер, сақалды жігіттер, әлсіздер және радикалдар» жоқ екенін де мәлімдеді. Министр «идеологиялық клоундарға» орын жоқ екенін айтып, олардың орнына патриот әскери қызметшілер келгенін жеткізді.

Айта кетейік, бұған дейін хакерлер Пентагонның кадрлық деректер орталығын бұзып, 3 миллионға жуық адамның жеке мәліметтеріне қол жеткізгені хабарланған еді.