Пентагон Иракты қалпына келтіруге бөлінген 8,7 миллиард долларды «жоғалтып алды»

АСТАНА. Шілденің 28-і. ҚазАқпарат - АҚШ-тың Федералдық бақылаушы органы Иракты қалпына келтіруге үкіметтен алған 8,7 миллиард доллар қаржыны ескермегені үшін елдің Қорғаныс министрлігін үзілді-кесілді сынға алды, деп хабарлайды РБК агенттігі.

Пентагон  Иракты  қалпына  келтіруге бөлінген  8,7 миллиард  долларды «жоғалтып алды»

Осылайша, аталмыш мақсатқа бөлінген барлық қаражаттың 96 пайызын қорғаныс ведомствосының жоғалтып отырғаны мәлім етілді. Ирак бойынша Бас федеральдық инспектордың айтуынша, АҚШ үкіметі Иракты қайта құру үшін Пентагонға 9 миллиардтан астам доллар бөлген.

Ал Қорғаныс министрлігіндегілер болса, «ескерілмеген» ақшаның жоғалып кетпегенін, олар бойынша барлық мәлімет мұрағат құжаттарында екенін айтып ақталуда. Пентагондағылар сондай-ақ, мұрағаттағы ол мәліметтерді жариялау үшін «біраз күш салу керектігін» айтып отыр.

Бұл жерде 2004-2007 жылдары алынған қаражаттар туралы сөз болып отырғанын айта кету керек. Бұл соманың қомақты бөлігі американ үкіметіне С.Хусейн тағынан тайдырылғаннан кейін жауып тасталған кейбір активтерді, сондай-ақ Ирактың мұнай-газын сатудан түскен. Бұл қаражатты Пентагон Иракты қалпына келтіруге жұмсауы керек еді. Бірақ, салғырттықтан ба, әлде басқа себептен де бұл қаражаттың қайда жұмсалғанын анықтау мүмкін болмай отыр.